Accessibility links

Ресей мен Украина екі күннен бері тұтқын алмасып жатыр


Ресей мен Украинаның тұтқын алмасуы. 23 мамыр 2025 жыл.
Ресей мен Украинаның тұтқын алмасуы. 23 мамыр 2025 жыл.

24 мамырда Ресей мен Украина тұтқын алмасудың екінші кезеңін өткізді.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей тұтқынында болған 307 украин әскери қызметкері елге оралғанын хабарлады.

"Тағы 307 украин қорғаушысы үйлеріне оралды. Бүгін Түркияда келісілген "1000-ға 1000" форматы бойынша тұтқын алмасудың екінші күні. Осы екі күн ішінде 697 адамды қайтардық. Ертең де жалғасады деп ойлаймыз" деп жазды Зеленский сенбі күні телеграм-парақшасында.

Оның сөзінше, тұтқындардың үштен бір бөлігі Донецк облысында тұтқынға алынған, көбі 2022 жылдан бері қамауда болған. Қалғаны Херсон, Запорожье, Харьков және Луганск облыстарында ұсталған.

Босатылғандар арасында Мариупольды қорғаған 27 сарбаз бар.

Suspilne Media-ның жазуынша, Украинаның әскери тұтқындарын емдеу орталығының өкілі Петр Яценко Киев барлық ресейлік тұтқынды босатуға "дайын" және Мәскеу ұстап отырған барлық украинды қайтаруға әзір деген.

"Барлық [босатылған тұтқындар] оптимистік көзқараста. Әбден жүдеген, бірақ бұл уақыт мәселесі....Ресейде екі-үш жыл тұтқында болғаннан кейін қалыпты өмірге оралу қиын" деді Яценко.

Елена Юзвак тұтқыннан оралған күйеуі Юрийді құшақтап тұрып "бұл ең керемет күн" деді. Ол шекара аумағында күйеуін күтіп жүргеніне үш күн болғанын айтты.

"Шекараға жеткенше өңім бе, түсім бе деп сене алмадым. Сізді ұшаққа отырғызады, сосын сізді әртүрлі жолдармен апарады. Бірақ сіз бұған сене алмайсыз" деді тұтқыннан оралған украин сарбаздарының бірі Александр Азаттықтың Украин қызметіне.

24 мамыр 2025 жыл.
24 мамыр 2025 жыл.

Ресей қорғаныс министрлігі де сенбі күні "307 де 307" формуласы бойынша әскери тұтқын алмасу болғанын хабарлады. Ведомство өкілдері Украина тұтқынынан босатылған ресейліктер Беларусьте екенін, медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтты.

Зеленский тұтқын алмасу 16 мамырда Стамбұлда өткен 90 минуттық кездесудің жалғыз қорытындысы болғанын атап өтті.

Тұтқын алмасу процесі Украина мен басқыншылықты қолдаған, бірақ өз әскерін соғысқа жібермеген Беларусь шекарасында өтті.

Жұма күні Ресей мен Украина әскери тұтқынмен қатар сотталушылармен де алмасты. Екі жақ бір-біріне 270 әскери және 120 әскери емес тұлғаны қайтарған.

Украинада Ресей тұтқынында болған азаматтарды қарсы алып жатқанда Ресей Киев пен Одесса, Купянскіге әуеден соққы жасады.

25 мамырда таңертең ресейлік дрондар кемінде 7 адамды жаралады. Оның бөлшектері қала орталығындағы тұрғын үйлерде түсіп, өрт шықты.

Сенбі күні де күндіз Ресей әскері Киевке ірі соққы жасады.

Азаттық тілшілері түсірген видеода құтқарушылар түтінге оранған ғимараттың ішінде үйінділердің арасынан адамдарды іздеп жатқаны көрінеді.

"Бұл бейбітшілікке ұмтылған елдің әрекеті емес. Украинаның бейбіт тұрғындары үшін бұл тағы бір қорқынышты түндердің бірі болды, жараланғандар мен қираған үйлер көп" деп жазды Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми әлеуметтік желіде.

"[Ол] біздің үйіміздің шатыры мен балконға тиді. Балкон толық қирады" деді өзін Сергей деп таныстырған орта жастағы ер адам Азат Еуропа/Азаттыққа.

"Жарылыс осы жерде болды. Менің перделерім жартылай түріліп қалды" деді Вадим есімді куәгер. Оның сөзінше, соның арқасында өзі бөлшектерден аман қалған.

Жергілікті билік Киевке шабуылдан 15 адам зардап шеккенін хабарлады.

Олардың арасында жамбасы жараланған 43 жастағы әйел мен ота жасалған 54 жастағы ер адам да бар.

Украина басшысы Владимир Зеленский тұтқын алмасу мен соққы арасындағы диссонанс туралы айтты.

"Әрбір шабуыл сайын соғыстың созылу себебі Мәскеуде жатқанына әлем куә болып жатыр" деді ол.

Ол нәтижеге қол жеткізу үшін Ресейге көбірек қысым жасау керектігін айтты. Ол Украина АҚШ, Еуропа мен өзге де одақтастарынан санкция күтетінін айтты.

24 мамырға қараған түні де Ресей әскері 14 баллистикалық ракета ("Искандер-М"/KN-23) және 250 Shahed және өзге де дрон түрлерімен Украина аумағына ірі соққы жасады.

Украина әскерінің хабарлауынша, ракеталар Ресейдің Брянск облысы, Таганрог, Ейскі аумақтарынан, сонымен бірге оккупацияланған Қырымнан ұшырылған. Шабуылдың негізгі мақсаты тағы Киев болған.

"Сағат 8:30-дағы жағдай бойынша әуе шабуылына қарсы күштері Киевке қарсы бағытталған алты ракетаны атып түсірді. Бұдан бөлек, қарсы жақтың 245 дроны жойылды: 128 оқпен, 117 істен шығарылды" деп жазылған Украина қарулы күштерінің хабарламасында. Полицияның мәліметінше, Киевте кемінде 15 адам зардап шеккен.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі Ресей әртүрлі аймақта 94 ураиналық дронды атып түсіргенін хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG