Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Еуропарламент Қазақстанға қатысты қарарды қабылдады

Страсбургтегі Еуропарламент залы. Архив суреті.
Страсбургтегі Еуропарламент залы. Архив суреті.

20 қаңтарда Еуропарламент Қазақстандағы қаңтар оқиғасына қатысты қарарды қабылдады. Қарарға дауыс беру кезінде 671 депутаттың 589-ы қолдады, 35-і қарсы шығып, 47-сі қалыс қалды. Осылайша Қазақстандағы адам құқығына қатысты бұл қарар басым дауыспен мақұлданды.

Еуропарламент Қазақстанға қатысты қарарға дауыс беріп жатқанда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де "Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне және адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы әмбебап қағидаттарға бейілдігін сақтайды. Біз саяси жаңғыруға негізделген бағытымызды ешқашан өзгертпейміз" деп жазды.

Еуропарламенттің бір топ депутаты Қазақстандағы қаңтар оқиғасы бойынша ұсынған қарары 19 қаңтарда талқыланған. Құжат авторлары Тоқаевтың қаңтардағы тәртіпсіздік кезіндегі "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрығын, адамдардың "жосықсыз ұсталып", "азапталып жатқанын" айыптап, жауапты шенеуніктерге санкция салуды ұсынды. Депутаттар арасында оқиғаға байыппен қарап, асығыс шешім қабылдамауға шақырғандар да болды.

Қарар жобасында қаңтар оқиғасы қалай өрбігені сипатталып, 27 тармақтан тұратын мәлімдеме жасалған. Оның ішінде құқық қорғау ұйымдарды саяси себеппен қудамалау, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеу, жосықсыз ұстау мен азаптауды доғару, адам құқығына қарсы қылмыстарға жауаптыларға жеке санкция салу секілді талаптар бар.

Талқылауда сөйлеген депутат Виола фон Крамон-Таубадель (ханым) "Мемлекеттік институттарды қорғау – кез келген үкіметтің міндеті-ақ. Бірақ оны желеу етіп, күшті жосықсыз пайдалануға болмайды. [Қазақстанда] бейбіт шерушілер сөз еркіндігінен айырылып, "террорист" сөзі оңды-солды қолданылып жатыр" деген еді.

Еуропарламент депуттары Ресейдің ықпалы мол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскер шақыру шешіміне де алаңдаушылық білдірді. Депутат Крамон-Таубадель мұның салдары ауыр болуы мүмкін деді. Ал Словакиядан сайланған Владимир Бильчик те интернеттің бұғатталғанын сөкті.

Еуропарламент – Еуропалық одақтың заң шығарушы органы. Оның қарарларының Қазақстанда құқықтық күші жоқ. Бірақ Еуроодақ пен Қазақстанның тығыз қарым-қатынасы тұрғысынан ондай құжаттар елеусіз қалмайды.

2 қаңтар күні Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан туған наразылық санаулы күнде Қазақстанның өзге аймақтарына тарап, арты тәртіпсіздікке ұласты. Билік ҰҚШҰ күштерін шақырып, ел президенті күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға рұқсат берді.

15 қаңтар күні Бас прокуратура сол күндері мәйітханаларға 225 адамның денесі жеткізілгенін, оның 19-ы полиция мен әскер қызметкерлері екенін айтты. Бірақ қаза тапқандардың аты-жөні жарияланбады. Билік қақтығысқа "сырттан ұйымдастырылған террористер" жауапты дейді, бірақ әлі күнге дейін бұл тұжырымына нақты айғақ келтірмей отыр.

Басқа да жаңалықтар

Медиа: АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде қысқарту жүріп жатыр

Ақ үй, Вашингтон, АҚШ.
Ақ үй, Вашингтон, АҚШ.

АҚШ президентінің әкімшілігі Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде (ҰҚК) ауқымды қысқарту бастады. Ондаған қызметкер жұмыстан босатылған. Мұндай ақпаратты өз дереккөздеріне сүйеніп, Washington Post, Reuters және CNN хабарлады.

БАҚ сөйлескен адамдардың айтуынша, қысқарту әкімшілік тағайындаған қызметкерлерге де, Мемлекеттік департаменттен, Пентагоннан және басқа да мекемелерден уақытша жіберілген шенеуніктерге де әсер еткен.

CNN мәліметінше, 100-ден астам ҰҚК қызметкері әкімшілік демалысқа жіберілген. Олардың арасында маңызды геосаяси мәселелер бойынша мамандар да болған деп хабарлады Reuters. Оларға ҰҚК-дегі қызметтен қысқартылғаны туралы хабарлама жұма, 23 мамырда жұмыс күні аяқталар алдында берілген. Олардың көпшілігі бұрынғы өз мекемелеріне оралуы мүмкін деп жазды агенттік.

Қызсқартуларды АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші қызметін қоса атқаруға кіріскеннен кейін басталған. Оған дейін ҰҚК кеңесшісі болған Марк Уолтц құпия ақпараттар Signal чатында жария болып кетуіне байланысты отставкаға кеткен. Әлгі чатқа Atlantic басылымының бас редакторы Джеффри Голдберг кездейсоқ қосылып кеткеннен кейін үлкен шу шыққан.

Қысқартуды құптайтын ҰҚК құрамы алдыңғы президенттердің тұсында айтарлықтай ұлғайған дейді. Мысалы, кіші Джордж Буштың тұсында қауіпсіздік кеңесінде 204 адам, Барак Обама президент болған кезде – 222, Джо Байден әкімшілігінде – 186 адам жұмыс істеген. Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде ҰҚК-де 119 адам болған. Қазір олардың санын, әкімшілік қызметкерлерін есептемегенде, 50-60 адамға дейін қысқартқысы келеді.

The Washington Post дереккөздері ҰҚК тиімді жұмыс істеуі үшін Ақ үй ұлттық қауіпсіздікке жауапты басқа агенттіктерге көбірек өкілеттік беруі қажет екенін айтады. Алайда Дональд Трамптың басқару стиліне байланысты, оның іске асуы екіталай деп жазды басылым.

Ақ үй ҰҚК-дегі қысқарту жайлы ақпараттар әзірге түсініктеме берген жоқ.

Израиль Хан-Юнисте тоғыз бала қаза тапқан деген деректі тексеріп жатыр

Газа секторындағы Хан-Юнис қаласы, 19 мамыр, 2025 жыл.
Газа секторындағы Хан-Юнис қаласы, 19 мамыр, 2025 жыл.

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 24 мамыр, сенбі күні Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласында тұрғын үйге жасалған әуе шабуылы салдарынан тоғыз бала қаза тапқан деген хабарлады тексеріп жатқанын мәлімдеді. Бұл ақпаратты AFP агенттігі хабарлады.

Газадағы азаматтық қорғаныс агенттігінің мәліметінше (бұл құрылым АҚШ пен Еуропа одағы террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС радикал тобына бағынады), қаза тапқан балалар – жергілікті ерлі-зайыпты дәрігерлер Хамди әл-Наджар мен Алаа әл-Наджардың балалары. Агенттік өкілі Махмуд Бассалдың айтуынша, балалар қирандылар астынан өлі табылған. Кейбірі қатты күйген.

Отағасы мен оның 10 жастағы Адам есімді тағы бір ұлы ауыр жараланған. Отбасы түгелдей "Насер" ауруханасына жеткізілген.

Хан-Юниске әуе шабуылы жасалғанын ресми түрде растаған ЦАХАЛ, әскери дрон зымыраны "сол аумақтағы құрылымнан әрекет еткен бірнеше күдіктіні" нысанаға алған деп мәлімдеді. ЦАХАЛ өкілдері Хан-Юнис ауданын "соғыс қимылдары жүріп жатқан қауіпті аймақ" деп атап, бейбіт тұрғындар қаза тапқан деген ақпаратты тексеріп жатқанын айтты. 19 мамыр күні Израиль армиясы сол аудандағы бейбіт халықты эвакуациялау туралы бұйрық шығарған еді.

Израильдің орыс тіліндегі Newsru.co.il басылымының хабарлауынша, бұған дейін Израиль армиясы "Насер" аурухана кешенін террористер Израиль әскері мен азаматтарына шабуыл жоспарлау үшін пайдаланып отыр деп мәлімдеген. Мысалы, Газа секторындағы ХАМАС үкіметінің басшысы Исмаил Бархум 2025 жылдың наурыз айында көзі жойылғанға дейін дәл осы аурухана кешенінде әрекет еткен деген ЦАХАЛ 13 мамыр күні "аурухана аумағында орналасқан ХАМАС террористері штабына" әуе шабуылы жасалғанын айтты.

Израильде ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазаннан бері Газада кепілде ұстап отырған тұтқындарды түгелдей босатуға қол жеткізуді талап еткен жаппай наразылық акциялары жалғасып жатыр. Израиль армиясының бағалауынша, ХАМАС қолында әлі шамамен 50 тұтқын бар, олардың 21-і ғана тірі болуы мүмкін. 24 мамыр кешке Тель-Авивте тұтқындардың туыстары қатысқан тағы бір митинг өтті. Акцияға қатысқандар үкіметтен Газадағы әскери әрекеттерді тоқтатуды талап етіп, соғысты жалғастыру ХАМАС қолында қалып отырған жақындарын босатуға көмектеспейтінін айтты.

Сенбі күні Израильдің ұлттық киберқауіпсіздік басқармасы тұрғындарға ХАМАС кепіл қылып ұстап отырған адамдардың дауысы, жарылыс дыбыстары мен айғай-шу жазылған жазбалар лек-легімен түскенін хабарлады. Басқарма мұны халық арасында "үрей тудыруды" көздейтін әрекет деп бағалады.

Ресей Украинаға түнде тағы соққы жасады. 10-нан астам адам қаза болды

Ресей әскерінің түнгі соққысының салдары. Киев, 25 мамыр 2025 жыл.
Ресей әскерінің түнгі соққысының салдары. Киев, 25 мамыр 2025 жыл.

Жексенбіге қараған түні Ресей әскерінің Украинаға жаппай шабуылының нәтижесінде 10-нан астам адам қаза болды.

Киев облысында 4 адам қаза болды, 16 адам жараланды. Зардап шеккендер арасында үш бала бар. Киевтің өзінде 11 адам зардап шекті.

Житомир облысында үш бала қаза болды, 12 адам зардап шекті. Хмельницк облысында - төрт адам, Николаев облысында бір адам қаза болды. Шабуылға сонымен бірге Харьков, Конотоп, Сумы, Тернополь, Одесса, Чернигов және Запорожье облыстары ұшырады.

Украина әскери-әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей жексенбіге қараған түні Украинаға кемінде 69 ракета мен 298 дрон жіберген. Осы хабарламаға қарағанда, 45 ракета мен 266 дрон атып түсірілген. Осыған ұқсас шабуыл 24 мамырда түнде болған.

Украина президенті Владимир Зеленский ірі соққыдан кейін Ресейге қарсы жаңа санкция салуға үндеді.

"Қалаларға қасақана түрде соққы жасады. Тұрғын үйлер қирады және бүлінді... Қаза болғандар бар, арасында балалар да бар. Ресейдің осындай террористік сипаттағы әрбір соққысы – Ресейге қарсы жаңа санкция салуға негіз бола алады. Ресей соғысты созбалақтап, күн сайын адамдарды өлтіріп жатыр...Мұны елемеу мүмкін емес. Американың үнсіздігі, өзге елдердің үнсіздігі Путинге тек дем береді. Ресей басшылығына қарсы шынайы қатты қысым болмай оның қатігездігін тоқтату мүмкін емес. Санкциялар көмектеседі. Қазір кесімділік маңызды. Әлем орыс экономикасының әлсіздігін біледі. Соғысты тоқтатуға болады, бірақ Ресейге тиісті күшпен қысым жасау арқылы ғана мүмкін. Путинді ракета жіберу емес, соғысты аяқтау туралы ойлауға мәжбүрлеу керек" деді Зеленский.

Блогер Каспий жағалауынан өлі итбалықтар табылғанын хабарлады

Өлген итбалық. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, 9 қараша, 2024 жыл.
Өлген итбалық. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, 9 қараша, 2024 жыл.

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Баутин ауылы маңында тағы да өлі итбалықтар табылды деп хабарлады ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев.

“Бүгін Евроньюстың түсірілім тобымен бірге Каспий теңізіне қатысты экологиялық мәселелер туралы репортаж түсіру үшін Форт-Шевченкоға келдік. Ондағы көріністен шошып кеттік. Жағалаудағы шағын кеңістіктің өзінен 50-ден астам өлі ересек итбалықты таптық. Және бұл бір шақырым ғана” деп жазды блогер бір күн бұрын.

Оның сөзінше, жергілікті балықты қорғау инспекторлары екі күн бұрын ғана бұл жерден 160-тан астам өлі итбалық тауып, утилизациялаған.

Каспий жағалауынан өлі итбалықтар жиі табылады. Жыл басынан бері осыған ұқсас ақпарат бірнеше рет тарады.

Былтыр күзде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында табылған өлі итбалық саны екі мыңға жуықтағаны хабарланды. Биыл қаңтарда Алматыдағымикробиология және вирусология ғылыми орталығы зертханасы "итбалықтардың миы мен өкпе тіндерінен жаңа вирустық жұқпалы ауру табылғанын" хабарлаған.

Былтыр қарашада гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова Каспий жағалауындағы итбалықтың жаппай қырылуына қатысты жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижесін жариялаған. Баймұқанованың пікірінше, итбалықтар түрлі себептен өлген болуы мүмкін: жер сілкінісі, табиғи газдың шығуы, теңіздің ластануы, індет.

Солтүстік Кореяда арнайы рәсім кезінде кеменің батуына қатысты бірнеше лауазымды тұлға қамауға алынды

Солтүстік Корея билігі жаңа эсминецті суға түсіру кезінде болған оқиғаға қатысты үш лауазымды тұлға қамауға алынды деп хабарлады Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат құралдары.

Ким Чен Ын қатысқан 21 мамырда өткен салтанатты рәсім кезінде 5 мың тонналық кеме тепе-теңдік ұстай алмай, нәтижесінде корпусы бүлініп, суға батып кеткен еді.

Ким Чен Ын оқиғаны “жауапсыздық, ғылыми емес тәжірибе және немқұрайлықтан туындаған қылмыс” деп атады.

Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, эсминец құрастырылған Чхонджин кеме жасау орнының бас инженері, сонымен бірге құрылыс жетекшісі мен әкімшілік менеджері ұсталған. Ресми хабарламада “апат үшін солар жауап беретіні” жазылған.

Оқиғадан қанша адам зардап шеккені белгісіз.

Жаңа құрастырылған эсминец туралы ашық дерек өте аз. Солтүстік Корея оның атын да атамады. Оның сыйымдылығы – 5 мың тонна деп айтылады. Егер оны қалпына келтірсе, ол Солтүстік Корея флотындағы ең ірі екі кеменің бірі болмақ.

  • Аталған эсминец кеменің "Чхве Хён" түріне жатады. Жаңа үлгідегі бас кеме сәуір айында суға түсірілген. Жарияланған суреттерге қарағанда, бірінші кемеде үш түрлі 74 зымыранға арналған қондырғы жүйелері, бір 100-130 мм артиллериялық қондырғы, екі алты ұңғылы 30 мм артиллериялық қондырғы, зениттік-зымырандық және артиллериялық жүйе және болжам бойынша, қиғаш қондырғылары бар деп жазды imp-navigator блогы.

Белсенді Әлнұр Илияшев АЭС салынатын орынға қатысты үкіметті сотқа берді

Әлнұр Илияшев
Әлнұр Илияшев

Белсенді Әлнұр Илияшев Балқаш маңына салынайын деп отырған АЭС орны Ресей жалға алып отырған әскери полигон Сарышағаннан небәрі 22 шақырым жерде орналасқанын, ал бұл қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігін атап өтіп, үкіметті сотқа берді. Халықаралық нормаға сәйкес, АЭС әскери нысандардан кемінде 30 шақырым алшақ орналасуы керек.

Белсенді "Гиперборей" арнасына берген сұхбатында маңына атом станциясы салынайын деп отырған Үлкен ауылдық округы мен полигонның шекарасы арасы небәрі 22 шақырым екенін, ал бұл қауіпті екенін айтады. Аталған полигонда ракетаның өзге түрлерімен қатар кемінде мың шақырымға ұшатын құрлықаралық баллистикалық ракеталар да сынақтан өтеді және екі елдің келісімінде де ракета бөлшектері полигон аумағынан тыс жерге құлауы мүмкін екен де жазылған.

"Бұл өте қауіпті. Мен арнайы сервистердің көмегімен 2000 жылдары ратификацияланған келісімде бекітілген шекараларды алып қарадым. Осылайша екі нысан арасындағы қашықтық небәрі 22 шақырым екенін анықтадым. Яғни, Үлкен ауылдық округы мен полигон шекарасына дейінгі аралық. Оның үстіне бізде бұл келісім он жыл сайын ұзартылады. Қазір [кемінде] 2030 жылға дейін полигон істейтіні белгілі" деді Әлнұр Илияшев арнаға.

Белсендінің шағымын 21 мамырда Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты тіркеген.

Қазақстан үкіметі әзірге белсендінің шағымына реакция білдірмеді.

"Атом электр станциясы" ядролық қондырғысы салынатын аудан туралы қаулыға былтыр 30 желтоқсанда қол қойылған. Оған сәйкес, елдегі бірінші атом электр станциясы салынатын орын ретінде Алматы облысындағы Жамбыл ауданын ресми түрде бекітілген. АЭС салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген Балқаш көлі жағалауындағы Үлкен ауылы осы өңірге қарайды.

Белсенді Әлнұр Илияшев соттан осы қаулыны заңсыз деп тануды сұрап отыр.

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум былтыр 6 қазанда өтті. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.

Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Президент Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.

Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.

Ресей Украинаға дрон және зымырандармен соққы жасады

Дрон түскен жерден шыққан өрт. 24 мамыр 2025 жыл.
Дрон түскен жерден шыққан өрт. 24 мамыр 2025 жыл.

24 мамырға қараған түні Ресей әскері 14 баллистикалық ракета ("Искандер-М"/KN-23) және 250 Shahed және өзге де дрон түрлерімен Украина аумағына ірі соққы жасады. Бұл жөнінде Украина қарулы күштері хабарлады.

Украина әскерінің хабарлауынша, ракеталар Ресейдің Брянск облысы, Таганрог, Ейскі аумақтарынан, сонымен бірге оккупацияланған Қырымнан ұшырылған. Шабуылдың негізгі мақсаты тағы Киев болғаны хабарланды.

"Сағат 8:30-дағы жағдай бойынша әуе шабуылына қарсы күштері Киевке қарсы бағытталған алты ракетаны атып түсірді. Бұдан бөлек, қарсы жақтың 245 дроны жойылды: 128 оқпен, 117 істен шығарылды" деп жазылған Украина қарулы күштерінің хабарламасында. Полицияның мәліметінше, Киевте кемінде 15 адам зардап шеккен.

Ресейдің жаппай шабуылы 23 мамырда сағат түнгі ондарда басталған. Киев, Черкасск, Кировоград, Николаев, Днепропетровск, Запорожье, Полтава, Харьков, Чернигов, Сумы, Донецк және Луганск облыстарында әуе дабылы іске қосылды.

Ресей Украина аумағын ракета, дрон-камикадзе, әуе бомбалары мен артиллериямен атқылап жатыр. Кремльдің "соққы тек әскери нысандарға ғана жасалып жатыр" деген мәлімдемесіне қарамастан Украина билігі мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары көптеген тұрғын үй, мектеп, аурухана. энергетика және сумен жабдықтау нысандарына соққы жасалғанын тіркеген.

Мұндай әрекеттер әскери қылмыс санатына жатқызылып, бейбіт халыққа бағытталған шабуыл ретінде бағаланады.

Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды

Дархан Сатыбалды
Дархан Сатыбалды

Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды.

51 жастағы Дархан Сатыбалды бұған дейін президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болған.

Биыл қаңтарда Ақорда "президенттің тапсырмалары мен шешімдерінің ауыл-аймақтарда орындалу барысын бақылауды күшейту, қабылданған іс-шаралардың сапасын жақсарту әрі азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін нығайту мақсатында" осындай қызмет (президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары)қайта енгізілгенін айтқан.

2025 жылдың қаңтарына дейін Дархан Сатыбалды 2022 жылдың тамызынан бері Түркістан облысын басқарған. 2022 жылы желтоқсанда бұл қызметке қайта тағайындалды.

Оған дейін 2019 жылдың наурызынан бері Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болған. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Шымкент қаласының әкімі, ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы болған, сенат депутаты болып сайланған.

Алматы қаласын 2022 жылдан бері басқарған Ерболат Досаев 24 мамырда президент жарлығымен бұл қызметтен босатылды.

Ресей әскері Украинадағы соғыста кемінде 109 мыңнан астам адамынан айырылған

Ресей әскері Украинаға қарсы соғыста кемінде 109 625 адамынан айырылған. 9 мамырдан бері екі апта ішінде қаза болғандардың тізіміне тағы 2009 адам қосылған. Қаза болғандардың тізімін "Медиазона" мен BBC-дің Орыс қызметі еріктілердің көмегімен жүргізіп жатыр.

Ресей Украинадағы соғыста қанша адамын жоғалтқанын айтпайды. Бұл ақпарат құпия саналады. Журналистер ашық дереккөздер мен мемлекеттік базадағы жанама ақпараттардың негізінде тізімді жасап жатыр. Мұндай мониторингке қаза болғандардың барлығы ілінеді деп айту қиын.

"Медиазона" жаңа есебінде жариялаған ақпаратты әскери әндер айтатын әнші Вика Цыганова өзінің телеграм-арнасында жариялады. Ол Мәскеу түбіндегі Мышецкое ауылындағы зиратқа барып, сонда жаңа жерленген 33 қабірді анықтаған.

"Медиазона" сол зиратта жерленгендерді тізімге енгізді.

Журналистер мен еріктілер әдетте статистиканы әлеуметтік желі, некрологтар мен өзге де ашық дереккөздерден жинайды.

Мышецкое ауылындағы зират 2024 жылдың қараша айынан бері жиі қолданыла бастаған: онда қаза болғандардың 23-і былтыр 1 қарашадан кейін опат болған.

Тізімдегілердің төрттен бірі - еріктілер. Олардың саны 27 мыңнан асады. 16 пайызы – тұтқындар (17 мыңнан астам адам). 11 пайызы (12 мыңнан астамы) – мобилизацияланғандар.

Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі қызметінен босатылды

Ерболат Досаев
Ерболат Досаев

Ерболат Досаев Қазақстан президентінің жарлығымен Алматы қаласының әкімі қызметінен босатылды. 24 мамырда таңертең Ақорда сайтында тиісті жарлық жарияланды. Досаевтың қызметтен кету себебі айтылмайды.

55 жастағы Ерболат Досаев Қанды Қаңтардан кейін Алматы әкімі болып тағайындалған.

Ол мемлекеттік қызметке 1990 жылдардың соңында келді. Үкімет пен қаржы секторында ірі лауазымды қызметтерді атқарды. Денсаулық сақтау, экономикалық даму, ұлттық экономика министрліктеріне жетекшілік етті. Әкім қызметіне тағайындалғанға дейін үш жыл ұлттық банктің төрағасы болды. 2006-2012 жылдары аралығында бизнеспен айналысқан. 2014 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең дәулетті 50 кәсіпкер қатарына енгізген.

23 мамырда кешке жергілікті мәслихат хабарламасына сүйенген БАҚ жаңа әкім бүгін тағайындалатынын жазған еді.

Сарапшылар сотта Шерзат Полатты аман алып қалуға болатын еді деді

Сарапшы Тахир Халимназаров Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта сөйлеп тұр. Талдықорған, 23 мамыр 2025 жыл.
Сарапшы Тахир Халимназаров Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта сөйлеп тұр. Талдықорған, 23 мамыр 2025 жыл.

23 мамырда Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта сот медицина сарапшылары Мұхит Көшеров пен Тахир Халимназаровтан жауап алынды.

Сот кезінде сарапшы Мұхит Көшеров Шерзат Полаттың қазасына кеуде тұсындағы пышақ жарақаты, сол жақ өкпенің зақымдануы және өкпеқап қуысында қанның жиналуы себеп болғанын айтты.

"Дер кезінде көмек көрсетілмесе, көбіне мұндай жарақат өлімге алып келеді. Егер мына жағдайда арнайы жедел медициналық көмек, хирургиялық араласу, қанды тоқтату және жоғалған қан көлемін құйып, толықтырғанда аман алып қалуға болатын еді" деді Мұхит Көшеров.

Ол сонымен бірге Шерзаттың көзінің асты көгергенін және сырылған айтты. Марқұмның саусақтары мен сол жақ сирағында да сызат болған. Желкесі қанталаған.

Бұдан кейін тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаров жауап берді. Ол бір жыл бұрын Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша істе сарапшы болған. Ол да Шерзаттың өліміне көп қан жоғалтуы себеп болғанын айтты.

"Мәйітті зерттеген кезде кеуде қуысында 1,5 литр бос қан анықталды. Көп мөлшерде. Өйткені қан тез жоғалтқан кезде 500-600 миллилитрдан кейін адамның жағдайы ауырлай түседі. Бір литр қан тез кетіп қалса, сол кезде адам есінен танып, ауыр жағдайда болады...Бір литрға дейін қан кеткенге дейін көмек көрсетілгенде онда оны аман алып қалуға болар еді" деді Тахир Халимназаров.

Алматыда Қаңтар кезінде жақындарынан айырылғандар әкімдікке жиналды

Қанды Қаңтар кезінде қаза болғандардың жақындары Алматы әкімдігі алдында тұр. 23 мамыр 2025 жыл.
Қанды Қаңтар кезінде қаза болғандардың жақындары Алматы әкімдігі алдында тұр. 23 мамыр 2025 жыл.

23 мамырда Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде асыраушысынан, жақындарынан айырылған 11 адам әкімдікке жиналды. Олар әкімдіктен Қаңтар оқиғасында оқ тиіп, қаза болған Еркебұлан Сыдықбаевтың балаларын балабақшаға орналастыруды сұрады. Марқұмның әйелі, кәмелетке толмаған төрт баланың анасы Сая Есенгелді де биыл ақпанда жол апатынан қаза болған еді. Қаңтарда асыраушысынан айырылған әйелдер әкімдіктен баспана да сұрай келді.

"Төрт бала үлкен кісінің қолында қалды. Ол кісі онсыз да стресс алып отырған адам. Не медициналық көмек жоқ, не балабақшадан көмек жоқ. Саяның өліміне де егер үкімет атып өлтіріп тастамаса, Сая да көшеге шығып, машина айдап, қайтыс болмас еді ғой. Енді соның тіпті ең негізгі заттарға, балабақшаға көмектеспесе, мамасының медицинасына көмектеспесе, онда білмеймін, үкіміттен не күтеміз, не үміт, не қайыр" деді Тұрар Арыстанқұловтың жесірі Әлия Сәкенқызы.

Жиналғандар ақпарат құралдарына кезек-кезек шағымдарын айтты. Олар Қаңтар кезінде жазықтан-жазықсыз өлтірілгендердің отбасына мемлекет қолдау жасау қажеттігін атап өтті.

"Сіздің күйеуіңіз - кінәсіз, жәбірленуші, бірақ атқан адам табылмағандықтан, үкімет кінәсіз дейді. Ол қалай кінәсіз? 20 мың террорист кірді дегені рас па? Рас. .... Оны өтірік ақпарат деді. Сол өтірік ақпараттың салдарынан біздің балаларымыз әкесіз қалып отыр, біз күйеусіз, асыраушысыз қалдық. Үйсіз-күйсіз жүрміз, айналып келіп, 7 миллионды айта береді. Ол өтемақы емес, ол бір реттік көмек. 70 миллион берсін, сосын көзіме шұқып тұрып айтсын. Менің күйеуім өз өлімімен, ауырып өлсе, немесе ажалы жетіп, апатқа тап болса, мен келмес едім" деді Әкімжан Бектұрғанның жесірі Шапағат Кадирова.

Әкімдік алдына жиналған өзге әйелдер де тұрмыс тауқыметі туралы айтып, мемлекет өз азаматтарына көмектесуі керек деді.

Жиналғандарды Алматы әкімдігіне қарасты қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Сариев қабылдады. Алайда жиналғандар одан мардымды жауап естімегенін айтты.

Азаттық Сариевтің өзімен сөйлеспекші болды, бірақ ол жиналысқа кіріп кеткенін айтты.

Мемлекет Қанды Қаңтарда кездейсоқ қаза болған жиыны 151 адамның отбасына 7 миллион теңгеден қайырымдылық көмек берген. Олардың кәмелетке толмаған әр баласына 2 миллион теңгеден берілген. Бұл ақша - Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған "Қазақстан халқына" қорының атынан берілді. Қорға ауқатты кәсіпкерлер, ірі компаниялар ақша аударды.

Өткен аптада Қаңтар оқиғасы кезінде жақындарынан айырылған бірнеше адам бас прокуратура алдына жиналып, үкіметтен баспана мәселелерін шешіп беруді сұраған. Кәмелет жасына толмаған балаларын қарап, жұмысқа шыға алмағанын айтқан кейбір әйелдер асыраушысынан айырылған отбасына берілетін жәрдемақыдан өзге табыс көзі болмағандықтан күн көрісі ауырлағанын айтқан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматыда мерт болды. Билік елге сырттан әлдебір террор тобы шабуылдағанына ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.

Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталған жоқ, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "адам өлтіру" айыбымен емес, "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.

Қарағандыда бірнеше белсенді ұсталды

22 мамырда Қарағанды соты “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыпталған белсенді Бақытжан Жансейітовті 15 тәулікке қамады. Сот шешімінде жауапкер “31 мамырда Қарағандының орталық саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шеруге қатысуға үгіттеген” деп жазылған. Жансейітов тағылған айыпты мойындамаған және өзінің аккаунты бұзылғанын айтқан.

Кеше, 22 мамырда ұсталған тағы бір белсенді Болатбек Тоқмырзаның соты Қарағандыда бүгін өтуі тиіс. Жақындарының сөзінше, оларға соттың уақытын айтпай отыр. Оны да полиция кеше жұмыс орнынан ұстап әкеткен.

Қарағанды тұрғыны Ерлан Кенешбаевтың сөзінше, Азамат есімді тағы бір белсенді ұсталған. Ол жөнінде әзірге ақпарат анықталып жатыр.

Кенешбаевтың сөзінше, бүгін, 23 мамырда қалада белсенділер жиналып, саяси тұтқындарды босату, Қытаймен визасыз режимді алып тастау, жер қойнауын қазуды тоқтату сияқты түрлі талаптарды талқыламақ болған. Алайда осы жиын қарсаңында "белсенділер қудаланып, басқа өңірден келуі керек азаматтар да Қарағандыға жете алмаған".

Ал Қарағанды соты ақпарат құралдарына жауапкер шақырған шараға әкімдік рұқсат бермегенін айтты.

"Сот жағдайды жеңілдететін жайттарды ескерді, алайда ер адам бұрын осы бап бойынша жауапқа тартылғандықтан ол 15 тәулікке қамалды" деп хабарлады сот өкілдері.

Қарағанды полициясы әзірге белсенділердің ұсталуына түсініктеме бермеді. Қарағанды қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров Азаттық тілшісі қоңырау шалған кезде басып тастады.

Бұған дейін Астана, Өскемен, Семей, Орал, Павлодар және өзге де қалалардағы бірқатар белсенділер жергілікті билік саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні митинг өткізуге рұқсат бермегенін айтқан еді. Олардың айтуынша, жергілікті билік көп жағдайда орынның бос еместігін, өтініштердің дұрыс толтырылмағанын айтқан. Бір күн бұрын Орал қалалық әкімдігі Азаттыққа жергілікті белсенді берген өтініште бірізділік жоғын айтқан еді.

Әнуар Нұрпейісов Астанадағы концертін шегеруге мәжбүр болғанын айтты

Әнуар Нұрпейісов
Әнуар Нұрпейісов

Актер, стэндап-комик Әнуар Нұрпейісов 23 мамырға жоспарланған Астанадағы концерті өтпейтінін мәлімдеді.

Оның сөзінше, екі орын да концерт өткізе алмайтындықтарын айтқан. Бірі “техникалық жұмыстарды” алға тартса (ол мәселе комиктің позициясында болып отырғанын мойындаған), екіншісі ҰҚК-дан хабарласып, концертті өткізуден бас тартуға мәжбүрлегенін айтқан.

“Маған кедергі жасағысы келетін адамдарға қайырылғым келеді. Мені кинематографтардың қара тізіміне енгізгендеріңді білемін. Менімен жұмыс істегісі келетін жарнама берушілер салдарынан қорқады. Стендап комедия - бұл менің жалғыз шығармашылық табыс көзім. Сіздер мені тұншықтырып жатсыздар. Бұл – жаман нәрсе, төмен деңгей. Бұл бізді өркениетті елдер қатарына жақындатпайды. Сіздер адам ресурсын ысырап қылмас үшін қанша талантты адам Қазақстаннан кетуі керек? Еркін шығармашылықпен айналысу үшін не істеуім керек? Сахнаға жүгіріп шығып “президент тигр” деуім керек пе? Сіздер соны жақсы көресіздер ғой...” деді Әнуар Нұрпейісов видеомәлімдемеде.

Әнуар Нұрпейісов өзінің парақшаларында басқарушы партия өкілдерін сынап, биліктің әрекеттерін әзілге қосқан. Ол былтыр желтоқсанда да Астанада концерт өткізетін орын иелеріне қоқан-лоқы жасалғанын айтып, кешін өткізе алмаған еді.

ҰҚК-нің баспасөз қызметі әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Бұған дейін Қазақстаннан кеткен режиссер Ермек Тұрсынов та мамырдың соңына жоспарланған кештерін шегеруге мәжбүр болғанын айтқан еді.

22 мамырда ол Нұрлан Сабыровпен "Диалог" атты кеш, 31 мамырда Еркеш Шәкеевпен бірігіп саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған шара өткізбек болған. Almaty Theatre өкілдері оған техникалық себептерді алға тартып, 31 күнгі шараны өткізе алмайтынын ескерткен. Бұған дейін мұны композитор Еркеш Шәкеев те айтқан.

Гарвард университеті шетел студенттерін оқыту мүмкіндігінен айырылды

Кристи Ноэм
Кристи Ноэм

АҚШ үкіметі Гарвард университетіне шетел студенттерін қабылдауға тыйым салды. Бұған қоса, президент Дональд Трамптың әкімшілігі қазіргі студенттерді басқа оқу орындарына ауысуға мәжбүрлеп жатыр, өйпеген жағдайда олар елде заңды тұру құқығынан айырылады. Бұл туралы бейсенбі күні ұлттық қауіпсіздік министрлігі хабарлады.

Ұлттық қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм Гарвард университетінің студент алмасу бағдарламасын "зорлық-зомбылықты, антисемитизмге дем береді және Қытай коммунистік партиясымен байланысы бар" деп айыптап, аталған бағдарлама бойынша сертификат беруді тоқтатты.

Университет бұған дейін министрлікке кейбір шетел студенттері туралы мәлімет беруден бас тартқан.

«Университеттердің халықаралық студенттерді қабылдап, қымбат оқу ақысы арқылы миллиардтаған долларлық қорын толықтыру бұл құқық емес –артықшылық», - деді Ноем.

Гарвард басшылығы мыңдаған студентке қатысы бар Трамп әкімшілігінің әрекетін заңсыз және кек алу талпынысы деп атады. Бұл жоғары оқу орнының академиялық және зерттеу миссиясына нұқсан келтіретінін де айтты. Университет зардап шеккен студенттерді қолдауға уәде берді.

2024-2025 жылы Гарвард 6800 шетел студентін қабылдаған, бұл оқу орны қабылдаған студенттердің 27 пайызы деп жазды Reuters.

Президент-республикашыл Дональд Трамп бүкіл елдегі жеке колледждер мен мектептерді Америкаға қарсы, марксистік және радикалды солшыл идеологияны насихаттайды деп айыптап, жүйені қайта өзгертуге тырысып жатыр. Трамп Гарвардты профессорлық-оқытушылық құрамға немесе басшылық лауазымдарға танымал демократтарды жалдағаны үшін сынады.

Сәуір айында Трамп әкімшілігі Гарвард университетін азаматтық құқықтар туралы заңды бұзды және антисемитизммен тиісті дәрежеде күреспей отыр деп айыптап, 2,2 миллиард доллар көлемінде федералдық қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеген. Ақ үй сонымен қатар Колумбия университетіне 400 миллион долларға жуық қаржы беруді де тоқтатты. Мұндай қадам 2023 жылы Израиль мен Газадағы оқиғалардан кейін Американың оқу орындарындағы палестиналық студенттерді жақтаған наразылық толқынына жауап ретінде жасалды.

Тағы

XS
SM
MD
LG